Бізге жазылыңыз:

Астанада отбасы саясатының конституциялық кепілдіктері талқыланды

Астанада отбасы саясатының конституциялық кепілдіктері талқыланды

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты бірлесіп «Отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбында ведомствоаралық талқылау өткізді.

Іс-шара барысында жаңа Конституция аясында отбасы, ана, әке және баланы қорғауға бағытталған құқықтық кепілдіктерді іске асыру мәселелері қаралды. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым міндеттердің бірі ретінде аталды.

Талқылауды Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева жүргізіп, жаңа Конституция нормалары отбасы институтын одан әрі нығайтудың берік құқықтық негізіне айналатынын айтты.

Жиынға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жақып Асанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Кездесуде мемлекеттік отбасы саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері бұл орталықтарға 50 мыңнан астам өтініш түсіп, 43 мыңнан астам отбасы консультациялық көмек алған, ал 6 мыңға жуық отбасы ұзақ мерзімді сүйемелдеуге алынған.

Сонымен қатар жауапты ата-ананы қалыптастыруға бағытталған «Ата-аналар академиясы» жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба 2026 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде іске асырылып жатыр. Оқу материалдары ata-ana.kz платформасында қолжетімді.

Талқылау барысында Конституциялық Соттың отбасы заңнамасын жетілдіруге ықпал еткен құқықтық ұстанымдары қарастырылып, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

Ұқсас материалдар