Бізге жазылыңыз:

Астанада бизнес ашуға 1,73 млн теңге көлемінде грант беріледі

Астанада бизнес ашуға 1,73 млн теңге көлемінде грант беріледі

Астанада әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес бастау үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. 2026 жылы грант мөлшері 1,73 млн теңгені құрайды.

Бағдарлама кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, шағын бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Грант қаражатын құрал-жабдықтар сатып алуға, мал, тұқым және көшет алуға, өндірістік немесе коммерциялық үй-жайларды жалға алуға, сондай-ақ жобаны іске асыруға қажетті басқа да шығындарға жұмсауға болады.

Сонымен қатар грант қаражатын жеке мақсаттарға, тұрғын үй сатып алуға, несиелер мен басқа да қарыздарды өтеуге пайдалануға тыйым салынады.

Мемлекеттік қолдау алуға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, асыраушысынан айырылған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, қоныс аударушылар мен қандастар үміткер бола алады.

Бағдарламаға қатысу үшін азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы тиіс. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағанын растайтын сертификаты болуы қажет.

Үміткерлер бизнес-жоспар әзірлеп, онда жобаның мақсатын, қаржылық моделін және күтілетін нәтижелерін көрсетуі тиіс.

Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы өтінімдерге автоматты тексеру жүргізілетінін айтты.

Оның сөзінше, ресми жұмысы бар азаматтар, мерзімі өткен несие берешегі бар тұлғалар, бұған дейін мемлекеттік грант немесе микрокредит алған азаматтар конкурсқа қатыса алмайды. Сондай-ақ банкрот деп танылған адамдарға, зейнеткерлерге және өтінім бергенге дейінгі алты ай ішінде жеке кәсіпкерлігін жапқан тұлғаларға грант берілмейді.

2026 жылдан бастап грант иелеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Егер бұрын жобалар бір жыл бойы бақылауда болса, енді мониторинг мерзімі екі жылға дейін ұзартылды.

Бұдан бөлек, грант алушы алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын ашып, Мансап орталығы жолдаған азаматты жұмысқа қабылдауы тиіс.

Есептілік талаптары да өзгерді. Енді кәсіпкерлер business.enbek.kz порталы арқылы екі жыл бойы әр тоқсан сайын бизнес-жобаның іске асырылуы жөнінде есеп тапсырады.

Бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында грант иелері, жүзеге асырылған жобалар және құрылған жұмыс орындары туралы ақпарат жыл сайын жарияланып отырады.

Үміткерлерді іріктеу конкурстық комиссия арқылы жүргізіледі. Комиссия құрамы әр кезең сайын жаңартылып, отырыстар аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Сонымен қатар қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін комиссия жұмысына депутаттар, БАҚ, қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыса алады.

Ұқсас материалдар