Қазақстанда туристік бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған авиациялық инфрақұрылым жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Сонымен қатар бірқатар өңірлік әуежайларда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Арқалық қаласының әуежайы қайта қалпына келтірілуде. Балқаш әуежайы күрделі жөндеуден кейін жұмысын бастап, туристерді қабылдап жатыр. Ал Үржар әуежайында терминалды жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ішкі әуе қатынасы туризмді дамытудың негізгі құралдарының біріне айналып келеді. Биылғы жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий теңізі жағалауы бағыттарына тұрақты рейстер ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта Үшарал, Үржар, Балқаш, Көкшетау, Түркістан және Ақтау бағыттары бойынша аптасына 45 әуе рейсі орындалуда. Бұл туристік нысандардың қолжетімділігін арттырып, ішкі туристік ағынның өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.
Сондай-ақ әуе тасымалы нарығын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін қазақстандық әуе компанияларының паркі тағы алты жаңа ұшақпен толықтырылады. Ал 2030 жылға қарай елдегі әуе кемелерінің жалпы саны 160-қа дейін жеткізілмек.





