2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің кірістері 1,6 трлн теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 19,3% артқан.
Негізгі үлес келесі салықтарға тиесілі:
• жеке табыс салығы — 618 млрд теңге (+24,3%);
• корпоративтік табыс салығы — 501 млрд теңге (+10,3%);
• әлеуметтік салық — 323 млрд теңге (+23,4%).
Әсіресе шағын бизнестің үлесі айтарлықтай артқан, олардан түскен салықтар 30% өсіп, 670 млрд теңгеге жеткен. Ірі бизнес 492 млрд теңге (+17%) төлеген, ал орта бизнес былтырғы деңгейін сақтаған.
Олжас Смағұловтың айтуынша, Алматы бүгінде елдің басты инвестициялық орталықтарының бірі мәртебесін нығайтып келеді.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,5 трлн теңгеге жетіп, 20,7% өскен. Жеке инвестициялар да 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
— Жыл соңына дейін негізгі капиталға инвестиция көлемін 2,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш қала үшін абсолюттік рекорд болмақ, — деді Олжас Смағұлов.
Қалада бүгінде жалпы құны 3,6 трлн теңгеден асатын 189 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар шамамен 33 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.





