Бізге жазылыңыз:

Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты басталды

Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты басталды

Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты (FIDE World University Team Chess Championship) басталды. Турнирге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының 16 командасы қатысып жатыр. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж, Гарвард және басқа да беделді университеттердің студенттері бар.

Қазақстан намысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық спорт университеті және Almaty Management University студенттері қорғауда.

Чемпионаттың ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде шахматтық білім беруді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарында «Шахмат педагогі» бағдарламасы енгізіліп, бүгінде бес университетте 200-ден астам студент осы бағытта білім алған.

«Шахмат – зияткерлік ойын ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілікті және стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы», – деді Саясат Нұрбек.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов тұңғыш FIDE әлем чемпионатының Қазақстанда өтуі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің жоғары екенін көрсететінін айтты.

«Осындай деңгейдегі FIDE чемпионатын алғаш рет өткізу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстанның таңдалуы елімізге деген халықаралық сенімнің жоғары екенін көрсетеді», – деді Тимур Турлов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат спорттық дода ғана емес, сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, университеттік спортты дамытуға және жастар арасындағы зияткерлік байланысты күшейтуге арналған маңызды алаң болмақ.

Ұқсас материалдар