Бізге жазылыңыз:

Алматы – Орталық Азияның туризм орталығы: туристер саны рекорд жаңартты

Алматы – Орталық Азияның туризм орталығы: туристер саны рекорд жаңартты

Алматы қаласы туризм саласында қарқынды өсімді көрсетуде: 2024 жылы салаға тартылған инвестициялар көлемі 110,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артты. Жеке инвесторлар 35 жаңа орналастыру нысанын ашты, олардың ішінде 20 қонақүй, 4 глэмпинг, 8 хостел және 3 қонақ үйі бар. Бұл қаладағы туристік инфрақұрылымды 836 жаңа нөмірмен толықтырды.

Жыл қорытындысы бойынша туризм саласынан бюджетке түсетін салықтар көлемі 90,7 млрд теңгеге жетіп, 1,9 есеге артты. Алматыда экотуризмді дамыту белсенді түрде жүріп жатыр: 100 км тау бағыты абаттандырылып, 450 инфрақұрылымдық нысан (ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, орындықтар, көпірлер және т.б.) және күн панельдерімен жабдықталған 13 кемпинг-аймақ салынды.

Жаңа туристік нысандардың бірі – «Көк-Төбе» саябағындағы «Денсаулық соқпағы». Ұзындығы 1,2 км болатын бұл жол жаяу серуендеуге арналған, жарықтандыру жүйесімен, бейнебақылаумен, демалатын орындармен және Алматы мен тауларға керемет көрініс ашатын шолу алаңдарымен жабдықталған.

«Медеу» су бөгеті де қайта абаттандырылып, мұнда төрт жаңа шолу алаңы, алты тегін бинокль, қауіпсіздікке арналған жаңартылған қоршаулар мен жабыны, сондай-ақ бейнекамералар орнатылды.

Сонымен қатар, ұзындығы 285 метр болатын «Жұмбақ жол» атты жаңа жаяу жүргінші маршруты Горельник визит-орталығына апарады. Жол бойында демалыс орындары, ақпараттық стендтер және түнгі жарықтандыру орнатылып, тәулігіне 2000 адамға дейін қабылдай алады.

2025 жылы Алматы қаласының Туризм басқармасы жалпы ұзындығы 100 км-ден асатын 10 жаңа тау бағытын және күн панельдерімен жабдықталған 3 жаңа кемпинг-аймақты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қалада Целинный заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts атты екі ірі мәдени нысан ашылады. Бұл жобалар Алматының мәдени және туристік мәртебесін арттыра түседі.

2024 жылы Алматы 2 340 314 туристі қабылдап, бұл көрсеткіш 14,8%-ға өсті. Оның ішінде 686 355 адам – шетелдік туристер (өсуі – 26,9%). Алматыға келушілер арасында Ресей, Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Корея елдерінің азаматтары алдыңғы қатарда.

Almaty Tourism Bureau және Mastercard бірлесіп жасаған талдау бойынша, Алматы заманауи туристік мегаполис бейнесін қалыптастыруда: қалада тау шаңғысы курорттары, гастрономиялық фестивальдер, мәдени шаралар және халықаралық әуе қатынасы қарқынды дамып келеді. Алматы Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналуда.

Ұқсас материалдар