Оның айтуынша, жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жобаларын әзірледі.
— Жаңа Конституцияда жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдармен қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «қарқынды даму қаласының» арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін екендігі көзделген. Осы орайда Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына сәйкес әзірленген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы аталған бағыттарды қамтиды, — деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің дерегінше, Конституциялық заң жобасы:
— жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін айқындауды;
— озық халықаралық және шетелдік стандарттарды, техникалық регламенттерді және технологиялық нормаларды қолдануды;
— цифрлық активтердің айналымын реттеуді;
— шағын биіктіктегі экономика саласын және электронды ұшқыш аппараттарды дамытуды;
— инвестицияларды қорғауға және олардың тұрақтылығына кепілдік беруді;
— салық салудың және бюджеттік қатынастардың ерекше режимін қолдануды көздейді.
— Қазіргі уақытта Конституциялық заң жобасы Парламенттің қарауында. Осы жылдың 20 наурызында заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысының 1-ші оқылымын, ал 27 наурызда 2-ші оқылымын өткізу жоспарлануда. Заң жобасы наурыз айының сонына дейін Мемлекет басшысына қарауына енгізілетін болады, — деді ол.





