ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақылы аймақтар: Алматыда көліктерге арналған шектеу күзде іске қосылуы мүмкін

— Экологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, Алматы әлемдегі ең лас қалалардың бірі болып отыр. 2024 жылы алғаш рет Алматы агломерациясының шекті рұқсат етілген шығарындылары есептелді. Бұған дейін ескерілмеген — жеке сектор, монша, сырттан келетін көліктер де есепке алынды. Зерттеу нәтижесінде жылдық экологиялық жүктеме 225 мың тоннадан асатыны анықталды, оның ішінде Алматы қаласының үлесі — 189 мың тонна. Соның 60%-ы немесе 112 мың тоннасы автокөлікке тиесілі. Ал экологиялық класы ЕВРО-0 көліктерінен шығатын зиянды заттар автокөлік шығарындыларының жалпы көлемінің 84%-ы немесе жылына 94,6 мың тонна, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Осы себептерді ескере отырып қала басшылығы бірқатар кешенді шаралар қабылдауды көздеп отыр. Оның ішінде төмен шығарындылар аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) құру жоспарланған. Мұндай аймақтарға экологиялық класы төмен автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылады және ол ақылы болады. Сондай-ақ коммуналдық және жеке автопарктерге, стационарлық шығарындылар көздеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Одан бөлек заманауи технологияларды пайдалану арқылы экологиялық мониторинг жүйесін кеңейтілмек. Атап айтқанда, датчиктер мен ұшқышсыз аппараттарды қолданылады, сондай-ақ жанармай сапасына бақылауды күшейтіледі.
— LEZ аймақтары кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен орталық көшелерде пилоттық режимде іске қосылады. Биылғы қазан айынан бастап алғашқы сынақ барысында көлік иелерінен ақы алынбайды. Бұл кезеңде көлік қозғалысының легі мен автопарктің құрамы талданады. Кейін Евро-0-4 класты көліктер үшін кіру ақылы болады. Ал электромобильдер, сутекпен жүретін көліктер мен Евро-5 және Евро-6 класты машиналар төлемнен босатылады, — деп түсіндірді әкімдіктен.
Сонымен қатар жоба бойынша қала сыртында тұратын азаматтарға жеңілдік қарастырылған: «Таза қала» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, техникалық байқаудан өткен жағдайда ай сайынғы абонементті арзандатылған бағамен алуға болады. Төлемнен түскен қаржы экологиялық бастамаларға, қоғамдық көлікті дамытуға және халықты қолдауға жұмсалмақ.