Ақтөбе облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған үш жоба жүзеге асырылады. Оларға 5,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Қаржы Ақтөбе қаласындағы жаңа жедел жәрдем қосалқы стансасын салуға, сондай-ақ Ырғыз ауданында емхана мен Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына қосымша ғимарат тұрғызуға бағытталады.
Ақтөбеде жаңа жедел жәрдем стансасы пайда болады
Қарғалы тұрғын алабында құны 3 млрд теңгеден асатын жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы стансасы салынады. Нысан 10 санитарлық көлікке арналған гаражбен жабдықталып, жылына 25 мыңға дейін шақыртуға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа стансаның іске қосылуы Қарғалы, Ақжар, Көктем, Қызылжар және басқа да қала маңындағы қарқынды дамып келе жатқан тұрғын алаптардағы жедел жәрдемнің келу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазір жұмыс істеп тұрған қосалқы стансаның жеті бригадасы шамамен 110 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Аталған аумақтардағы халық саны мен құрылыс көлемінің өсуіне байланысты жедел медициналық көмекке түсетін жүктеме де артып келеді.
Ырғыз бен Жаңақоныста медициналық нысандар кеңейеді
Өңірдегі медициналық ұйымдардың қабылдау мүмкіндігін арттыру үшін тағы екі жоба іске асырылады.
Ырғыз аудандық ауруханасының жанынан ауысымына 300 адам қабылдай алатын екі қабатты емхана салынады. Жобаның құны — 1,3 млрд теңге.
Ал Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығының аумағында құны 1,4 млрд теңге болатын жаңа екі қабатты ғимарат бой көтереді.
Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі медициналық кабинеттер санын көбейтіп, пациенттерді қабылдау жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, үш жобаны іске асыру Ақтөбе облысындағы медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нысандардың барлығын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.





