Ақмола облысында тауық жұмыртқасын терең өңдеуге маманданған ірі өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Жобаны «Kaz Eggs» серіктестігі жүзеге асырып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын Целиноград ауданының Ақмол ауылында орналасады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрайды.
Болашақ өндіріс орнының қуаты тәулігіне 1 миллион жұмыртқаны өңдеуге есептелген. Кәсіпорынды іске қосу 2027 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ведомствоның бағалауынша, бұл бастама агроөнеркәсіптік кешендегі өңдеу секторын дамытуға және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Министрлік ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді саланың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осы мақсатта заманауи өндірістерді іске қосуға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.
Жаңа кәсіпорын жұмыртқа өнімдерін терең өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, өңірдегі өндірістік инфрақұрылымның дамуына да үлес қосады.





