Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Соның арасында 18 жастан асқан ересектер саны 630 мыңнан астам немесе 84 пайызы, ал мүгедектігі бар балалардың саны – 120 мың.
- Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар - ел азаматтарының конституциялық кепілдіктерінің бірі. Олар еңбек өтілі мен жұмысының болуына қарамастан төленеді. Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне байланысты. Жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып, оларды индекстеу жүргізіледі. Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшері 10 пайызға өседі, - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды 543,1 мың адам алды. Жыл басынан төлемдерге 467,2 млрд теңге бағытталды.
Министрлік ақпаратына қарағанда, жәрдемақы мөлшері 2025 жылы 55 мың теңгеден 102 мың теңге аралығында. Жәрдемақының орташа мөлшері - 78 822 теңге.





