Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары аясында бәсекелестік ортаға берілетін мемлекеттік активтердің жиынтық құны 3,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған кезде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров мәлімдеді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына бәсекелестікті дамыту, мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін қысқарту және нарықтағы ашықтықты арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берілді.
Агенттік басшысы мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында бір көзден сатып алу үлесі 39%-дан 24%-ға дейін қысқарған.
Нәтижесінде бәсекелі негізде өткізілетін сатып алулар көлемі айтарлықтай өсіп, 6,2 трлн теңгеден 8,1 трлн теңгеге дейін жеткен. Бұл мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ашықтық пен бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар Президентке кәсіпкерлердің тауар нарықтарына шығуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Агенттік маңызды нарықтардағы өнімсіз делдалдар санын қысқарту және тауар өткізу тізбегінің тиімділігін арттыру бағытында да шаралар қабылдап жатыр.
Кездесуде цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдері мен нарықтық бәсекелестікті дамытуға арналған заңнамалық өзгерістер де талқыланды.
Марат Омаров қазіргі уақытта бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті әзірленіп жатқанын айтты. Құжатта бәсекелестік саясатының тиімділігін арттыру, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейту, монополияға қарсы реттеуді жетілдіру және мемлекеттің экономикадағы үлесін одан әрі қысқарту көзделген.
Агенттік мәліметінше, заң жобасы жеті негізгі жүйелі бағыттан тұрады және Қазақстан экономикасында жеке сектордың рөлін күшейтуге бағытталған.





