2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит республикалық бюджетке салық түсімдері жоспарының толық орындалмағанын көрсетті. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, бюджетке 730 млрд теңге, яғни жоспардың 4,8%-ы түспеген.
Аудиторлардың айтуынша, негізгі себептердің бірі – салық түсімдері бойынша болжамның 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы.
Тексеру барысында соңғы төрт жылда қосымша есептелген салықтарға қатысты дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер себеп болған. Осыған байланысты ЖАП салықтық тексерулердің сапасына бақылауды күшейтуді ұсынды.
Кедендік бақылау саласында да заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, тек электр көліктеріне арналған жеңілдіктердің гибридті автокөліктерге де заңсыз қолданылғаны белгілі болды. Соның салдарынан бюджетке кемінде 70 млн теңге түспеген.
Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы импорт кезінде қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен заңсыз төлеген. Нәтижесінде бюджет 670 млн теңгеден астам импорттық ҚҚС-тан қағылған.
Аудит уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылаудың жеткіліксіз екенін де көрсетті. Кейбір компаниялар қызметін тоқтатуға негіз болғанына қарамастан, кедендік жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған.
Сондай-ақ аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғаны және Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік қызметтердің есебі, мониторингі мен сапасын бақылауды жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Жалпы аудит нәтижесінде 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 33 рәсімдік бұзушылық және 11 жүйелі кемшілік анықталды. Анықталған мәселелер бойынша Жоғары аудиторлық палата міндетті орындалуға тиіс нұсқамалар мен ұсынымдар жолдады.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Қазақстан БҰҰ аясында су ұйымын құру бастамасын таныстырды
- 15 шілде, 2026
Алматыға шетелдік туристердің қызығушылығы күрт артты
- 13 шілде, 2026





