2024 жылы Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 1 487,4 трлн теңгеге төлем жүргізілді

2024 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төлем жүйелері арқылы жалпы сомасы 1 487,4 трлн теңгеге төлемдер жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 51,7%-ға артық, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
🔹 Ең көп операциялар сағат 16:00–17:00 аралығында тіркелген.
🔹 Төлем жүйелері арқылы өтетін тәуліктік орташа операция көлемі — 5,9 трлн теңге.
🔹 Бір төлемнің орташа сомасы — 16,9 млн теңге, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 27,4%-ға немесе 3,6 млн теңгеге жоғары.
2024 жылы Ұлттық банктің төлем жүйелерінің жұмысқа қабілеттілік деңгейі — 99,96% болды.
Бұған дейін 2020–2024 жылдар аралығында төлем ұйымдары арқылы өткен операциялар көлемі төрт есе артып, 8,2 трлн теңгеге жеткені хабарланған. Бұл көлемнің 70%-дан астамы 17 төлем ұйымының үлесіне тиесілі.