Бізге жазылыңыз:

127 мың гектарға қысқарады: биыл бидай, күріш, мақта алқабы азайды

127 мың гектарға қысқарады: биыл бидай, күріш, мақта алқабы азайды
Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, су көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын қысқартып, егіс құрылымын қайта қарамақшы. Бұл туралы вице-министр Азат Сұлтанов хабарлады.
Биылғы жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп.

Басымдық жоғары табысты дақылдарға берілді. Осы жылы келесі дақылдардың егіс алқаптары ұлғайтылады:

  • майлы дақылдар – 4 млн гектардан астам (өткен жылмен салыстырғанда 74 мың гектарға көп);
  • азықтық дақылдар – 3,3 млн гектар (237 мың гектарға артық);
  • жүгері – 265 мың гектарға дейін.

Сонымен қатар ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықтардағы картоп егіс көлемі 10 мың гектарға ұлғайтылады.

Күріш пен мақта алқабы тағы азайды

«Осы жылдан бастап егіс құрылымы алғаш рет нақты су лимитіне сәйкес бекітілді. Республика бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Мақта алқабы 162,4 мың гектарды құрайды, оның ішінде тамшылатып суару арқылы егілетін жер көлемі 29,8 мың гектарға ұлғайса, дәстүрлі суару әдісімен егілетін алқап 12 мың гектарға азайтылды», – деді Сұлтанов үкімет отырысында.

Сонымен қатар астық дақылдарының егіс көлемі 127 мың гектарға қысқартылады. Оның ішінде бидай алқабы 125 мың гектарға азайып, 12,1 млн гектарды құрайды.

Вице-министрдің айтуынша, егіс алқаптарының жаңа құрылымы ішкі нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ нарықтағы жағдай мен сыртқы сұранысты ескереді.

Ұқсас материалдар