Солтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Кәсіпкерлікті қаржыландыру және мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттыру мәселелері СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Даму» қоры басқармасының төрағасы Фархат Сәрсекевтің кездесуінде талқыланды.
2026 жылы Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 2,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, «Іскер аймақ» бағдарламасына 1,3 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 23 жоба мақұлданды.
«Даму» қорымен ынтымақтастық басталғалы бері өңірде 8,5 мың жоба қолдау алып, олардың жалпы кредиттік портфелі 761 млрд теңгеден асты.
Ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге де ерекше көңіл бөлінуде. «Даму» қорының мобильді фронт-офисі облыстың барлық аудандарын қамтып, ауылдық елді мекендерде жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша консультациялық және практикалық көмек көрсететін Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығының пилоттық жобасы іске асырылуда.
Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында аудандық креативті IT-орталықтарды кәсіпкерлермен жұмыс істейтін алаң ретінде пайдалану жоспарлануда. Бұл жергілікті жерлердегі бизнеске консультациялар, цифрлық сервистер және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.





