Бізге жазылыңыз:

Мал шаруашылығына бөлінген субсидияның 40%-дан астамы игерілді

Мал шаруашылығына бөлінген субсидияның 40%-дан астамы игерілді

Қазақстанда 2026 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржының негізгі бөлігі сүтті және етті ірі қара мал шаруашылығын, құс және қой шаруашылығын дамытуға бағытталмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 1 мамырдағы жағдай бойынша субсидиялардың 48,9 млрд теңгесі игерілген. Бұл жоспарланған қаржының 41,6%-ына тең.

Жылдың алғашқы төрт айында мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,16 трлн теңгеден асып, нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады. Бұл саланың тұрақты өсімін көрсетеді.

Осы кезеңде барлық санаттағы ет өндірісі 338,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға артты. Оның ішінде 126,7 мың тонна құс еті, 112,9 мың тонна сиыр еті, 41,2 мың тонна жылқы еті, 34,7 мың тонна қой еті және 16,9 мың тонна шошқа еті өндірілген.

Мал басының саны да өсім көрсетуде. Қазіргі таңда елімізде ірі қара мал саны 9,7 млн басқа, ұсақ мал саны 25,7 млн басқа жеткен. Сондай-ақ жылқы саны 5,1 млн басқа, ал құс саны 48,2 млн басқа дейін өсті.

Саладағы негізгі драйверлердің бірі ретінде құс шаруашылығы аталып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда азық-түлік жұмыртқасын өндіретін 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы жұмыс істейді. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 4,5 млрд жұмыртқаны құрайды, бұл ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Ақтөбе облысында құс фабрикасының өндірістік қуатын жылына 180 млн жұмыртқаға дейін ұлғайту жобасы іске асырылуда.

Министрлік мәліметінше, 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында фермерлерді қолдау шаралары кеңейтіледі. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жылдық 6%-бен берілетін «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылған.

Болжам бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ мал саны 28 млн басқа дейін ұлғаяды. Сонымен қатар ет өнімдерінің экспорты қазіргі деңгейден 2,5 есеге артады деп күтілуде.

Ұқсас материалдар