Бізге жазылыңыз:

Көмір нарығындағы бәсекелестікті күшейту үшін жаңа шаралар енгізіледі

Көмір нарығындағы бәсекелестікті күшейту үшін жаңа шаралар енгізіледі

Қазақстанда көмірдің бастапқы көтерме өткізу нарығындағы бәсекелестік деңгейі төмен болып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2024–2025 жылдарға жүргізген талдауы нарықтың жоғары шоғырланғанын және олигополиялық құрылымның іс жүзінде өзгермегенін көрсетті.

Коммуналдық-тұрмыстық көмір сегментінде ERG тобы мен «Қаражыра» АҚ-ның жиынтық үлесі 2025 жылы 67,9%, энергетикалық көмірде «Богатырь Көмір» мен «Kazakhmys Coal» компанияларының үлесі 81,6% болды. Өнеркәсіптік көмір нарығында ERG тобының үлесі 69,1%-ға жетті.

Нарықтағы жоғары шоғырлану баға динамикасына да әсер етеді. 2022–2025 жылдары коммуналдық-тұрмыстық көмірдің бастапқы көтерме бағасы орта есеппен 30–35%-ға, ал энергетикалық көмірдің бағасы 45%-ға өскен.

Агенттік мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі көмір ресурстарына қолжетімділіктің шектеулі екенін атап өтті. Негізгі кен орындары нарық қатысушылары арасында бөлінген, ал көптеген келісімшарттар 25 жылға және одан да ұзақ мерзімге жасалған.

Бәсекелестікті кеңейту үшін Агенттік бірқатар шараларды ұсынды. Олардың қатарында энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір бағаларын реттеу, тауар биржасы арқылы сатылатын көмір көлемін 52%-ға дейін ұлғайту, сондай-ақ биржадан тыс өткізу көлемдерін негізгі қуат ретінде танып, кейін оларды цифрлық платформаларға шығару бар.

Сонымен қатар көмір экспортына айрықша құқық берудің ашықтығын арттыру және нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасау ұсынылды. «Қазақстан темір жолы» инфрақұрылымының өткізу қабілеті туралы ақпаратты ашық ету және тасымалдау жоспарларын келісу рәсімдерін болжамды ету де маңызды бағыттардың бірі болады.

Агенттік коммуналдық-тұрмыстық көмір бойынша «Шұбаркөл Көмір» және «Қаражыраны, энергетикалық көмір бойынша «Богатырь Көмір» мен «Kazakhmys Coal»-ды, ал өнеркәсіптік көмір бойынша «Еуразиялық энергетикалық корпорация» мен «Шұбаркөл Көмірді негізгі қуат иелері ретінде анықтады.

Олар негізгі қуат иелері ретінде танылғаннан кейін көмір өткізу негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

Бұған дейін жүргізілген тексеру нәтижесінде «Қаражыра» АҚ-ның үстем жағдайын теріс пайдалану фактісі анықталып, компанияға 87,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі уақытта айыппұл төленіп, монополиялық кіріс мемлекет кірісіне тәркіленді.

Агенттік алдағы уақытта монополиялық баға белгілеу фактілері анықталған жағдайда нарық субъектілеріне қатысты монополияға қарсы шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Ұқсас материалдар