Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласындағы технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге, сондай-ақ қолданбалы ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге бағытталған Жол картасын дайындады.
Құжат 13 іс-шараны қамтиды. Негізгі міндеттердің қатарында импорттық жабдықтарға тәуелділікті азайту, су есептегіш құралдардың отандық өндірісін дамыту, гидротехникалық нысандарды автоматтандыру, цифрлық шешімдерді енгізу және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңғырту бар.
Сонымен қатар салаға технологиялық аудит жүргізу, отандық ғылыми әзірлемелер тізілімін қалыптастыру, жабдықтардың тәжірибелік үлгілерін жасау және қазақстандық технологияларды өндіріске енгізу тетіктерін дамыту жоспарланған.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, отандық технологияларды дамыту бағытында жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта бұл бағытта белсенді жұмыс атқарылуда. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік қолжетімді технологиялар тізбесін әзірледі. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын өндіретін отандық зауыттардың саны екі жыл ішінде төрттен жетіге дейін өсті. Ведомство жас ғалымдардың әзірлемелерін және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметін де қолдайды», – деді ол.
Осылайша, жаңа Жол картасы отандық өндірісті, ғылыми зерттеулерді және заманауи технологияларды енгізуді бір арнаға тоғыстырып, су саласының технологиялық дербестігін арттыруға бағытталған.





