Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен CNPC мұнай-газ саласындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен CNPC мұнай-газ саласындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Қытайдың CNPC компаниясы мұнай-газ саласын технологиялық дамыту бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе 22 қазанда Астанада өткен «Қазақстан–CNPC» IV техникалық семинарында талқыланды. Іс-шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров қатысты.

Вице-министрдің айтуынша, стратегиялық әріптестікке негізделген екіжақты ынтымақтастық заманауи технологияларды енгізуге және кен орындарын игеру тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Қазақстанның CNPC компаниясымен ынтымақтастығы шамамен 30 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде «Ақтөбемұнайгаз» АҚ, PetroKazakhstan тобы және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ активтерінде өндірілген мұнайдың жиынтық көлемі 350 млн тоннадан асты. Жинақталған тәжірибе өндірістік үдерістерді одан әрі жаңғыртуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға негіз болады.

Қандай технологиялар енгізіледі?

Семинарда геологиялық барлау, геологиялық модельдеу, қабаттардың мұнай беру қабілетін арттыру, бұрғылау және геофизикалық зерттеулер салаларындағы заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ кен орындарын игеруді басқаруға арналған цифрлық құралдарға ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, шетелдік тәжірибені Қазақстан кен орындарының геологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Дацин кен орнындағы нүктелік су айдау технологиясын қолдану және Қаламқас кен орнында полимерлік су айдауды енгізу перспективалары қарастырылды.

Басқа да басым бағыттардың қатарында қабатқа газ айдау, тұтқырлығы жоғары мұнай кен орындарын игеру, қабатты гидравликалық жару және газлифт технологияларын пайдалану бар.

Ресурстық базаны толықтыру да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Осы мақсатта Каспий маңы ойпаты мен Оңтүстік Торғай бассейнінің әлеуетін зерттеуді жалғастыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістік активтердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет.

Бірлескен жоспар 2027–2030 жылдарға есептелген

Кездесу қорытындысы бойынша 2027–2030 жылдарға арналған технологияларды енгізудің бірлескен жоспарын әзірлеу ұсынылды. Құжатта нақты кен орындары мен пилоттық учаскелерді белгілеу, жауапты орындаушыларды анықтау, қаржыландыру көлемі мен іске асыру мерзімдерін бекіту көзделіп отыр.

Сонымен қатар жоспарға тиімділіктің өлшенетін көрсеткіштерін, сынақтардың сәтті өткенін бағалау өлшемдерін және технологияларды пилоттық кезеңнен өнеркәсіптік қолдануға көшіру шарттарын енгізу ұсынылды.

Ерлан Ақбаров жоспарланған іс-шараларды уақтылы қаржыландыру мен сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Технологиялық шешімдерді тиімді енгізу және жер қойнауын ұтымды пайдалану кен орындарының өндірістік әлеуетін сақтауға әрі Қазақстанның мұнай-газ саласын тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар