Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниямен кездесті. Тараптар бірлескен жұмыстың нәтижелерін қорытындылап, 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын қарастырды.
Катаржина Вавьерния Қазақстанмен көпжылдық әріптестіктің маңызын атап өтіп, бірлескен бастамалардың жасыл қаржыландыруды дамытуға, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге және өңірлердің әлеуетін нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің қатарында өңірлік экономикалық дамуды қолдау, жоспарлау үдерістерін цифрландыру, бизнестің өнімділігін арттыру және ауыл экономикасын әртараптандыру бар.
Өңірлердің қаржылық тұрақтылығын нығайту
Жаңа елдік бағдарлама аясында БҰҰДБ өңірлердің экономикалық дамуы мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдерді жетілдіруді ұсынады. Бұл ретте өңірлердің кірістері мен шығыстарына талдау жүргізіліп, жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту жолдары қарастырылады.
Тағы бір маңызды бағыт – өңірлік жоспарлауды цифрландыру. БҰҰДБ экономикалық өсудің перспективалы нүктелерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктерді және инвестициялық басымдықтарды анықтауға мүмкіндік беретін геоэкономикалық модель әзірлеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар аумақтардың әлеуеті туралы деректерді басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға арналған цифрлық құралдарды дамыту көзделген.
Шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріледі
Бағдарлама шағын және орта бизнесті қолдауды, кәсіпорындардың өнімділігін арттыруды және жұмыспен қамту сапасын жақсартуды да қамтиды. Өңірлерде ШОБ өндірістік кластерлерін дамыту модельдерін сынақтан өткізу ұсынылып отыр.
Ауылдық жерлерде экономиканы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға және халықтың табысын арттыруға басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, тараптар экономиканың болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарына деген сұранысты болжау жүйесін жетілдіру мәселесін талқылады.
Тұрақты даму мақсаттары мен жасыл қаржыландыру
Кездесуде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тұрақты даму көрсеткіштерін мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеу жүйесіне енгізу, өңірлік индикаторларды жетілдіру, климат пен су ресурстарына қатысты мәселелер қарастырылды.
Серік Жұманғарин БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың маңызын атап өтіп, Қазақстанның өңірлік бастамаларды қолдауға және жасыл қаржыландыруды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ тараптар өңірлердің қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндіктерін, соның ішінде халықаралық кредиттік рейтингтерді пайдалану мәселесін талқылады.





