Қазақстан мемлекеттік қаржының бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр
Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны басқарудың негізгі процестерін біртұтас цифрлық контурға біріктіруді жалғастырып жатыр. Жүйе кірістерді қалыптастыруды, бюджетті жоспарлауды, мемлекеттік сатып алуды және қазынашылық орындауды қамтиды.
Цифрлық шешімдерді енгізу бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бюджетті жоспарлау кезінде фискалдық деректерді пайдалану жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге жағдай жасап отыр.
Ал 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында цифрлық талдау құралдарының көмегімен шамамен 1,5 трлн теңгеге дейін орынсыз шығыстардың алдын алу мүмкін болған.
Салық саласында да цифрлық сервистер кеңейіп келеді. Платформалық жұмыспен қамтуды дамыту аясында арнайы салық режиміне 38 цифрлық платформа қосылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 804,8 мың адамға жетіп, олардың 600 мыңнан астамы ресми экономикалық айналымға тартылды.
Сондай-ақ «сервис түріндегі салық» қағидаты енгізілуде. Ол салық есебі мен есептеулерді барынша автоматтандырып, болашақта есептілікті «бір батырманы басу» қағидаты бойынша қалыптастыруға мүмкіндік беруді көздейді.
Жасанды интеллектіні қолдану да күшейіп келеді. Цифрлық талдау нәтижесінде қосымша 672 тәуекел анықталды. Бұл бақылаудың дәлдігін арттырып, салық талаптарын адал орындайтын бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
2029 жылға қарай шағын және орта бизнестің салық міндеттемелерінің кемінде 80%-ын ЖИ көмегімен алдын ала толтыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге салықтарын уақытылы әрі адал төлейтін азаматтар мен кәсіпкерлерге жүргізілетін тексерулер санын 50%-ға қысқарту көзделген.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, цифрлық трансформацияның негізгі мақсаты — мемлекеттік қаржыны басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін заманауи сервистерді дамыту.





