ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан әлемдік экономикада үздік 50 елдің қатарына енді
Қазақстан жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына кірді. Бұл туралы The Economist басылымы Халықаралық валюта қорының соңғы деректеріне сүйене отырып хабарлады. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның есептік жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен 320 миллиард долларды құрайды. Осы көрсеткішпен ел Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет ретінде әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына енді.
Жарияланған инфографикада Қазақстан орташа көлемдегі экономика санатына жатқызылады және Перу, Португалия, Финляндия сияқты елдермен қатар орналасқан.
Дүниежүзіндегі ең ірі экономикалар қатарында АҚШ (ЖІӨ – шамамен 31,8 трлн доллар) пен Қытай (20,6 трлн доллар) көш бастап тұр. Одан кейін Германия, Үндістан, Жапония және Ұлыбритания келеді.
Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылы әлемдік экономиканың жалпы көлемі 123,6 трлн долларға жетеді.