Қазақстанның сыртқы саудасы биылғы сегіз айда оң динамика көрсетті. Экспорт көлемі 60,4 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға артты. Импорт 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларды құрады.
Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 17,8 млрд долларға жетті. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында бұл көрсеткіш 9,8 млрд доллар болған еді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқын алды
Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің, оның ішінде өңделген тауарлардың сыртқы нарықтарға жеткізілімін ұлғайтып келеді. Бірқатар өнім түрі бойынша экспорт өсімі жалпы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Күнбағыс майының экспорты сегіз айда 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн долларға жетті. Заттай көлемі 35,9%-ға артып, 611,4 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі алты жетекші елдің қатарына кірді. Қытайға жеткізушілер арасында екінші орынға шықты.
Сонымен қатар Қазақстан күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға жеткізушілердің үштігіне енді және Орталық Азия елдерінің сұранысын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.
Астық экспорты да өсті. Бидай жеткізілімі құндық мәнде 26,5%-ға артып, 1,25 млрд долларға жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам бидай жөнелтілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,8%-ға жоғары.
Бидай және бидай-қарабидай ұны экспорты 36%-ға өсіп, 400 млн долларды құрады. Заттай көлемі 22,8%-ға ұлғайып, 1,38 млн тоннаға жетті.
Зығыр тұқымының экспорты да айтарлықтай артты: жеткізілім құны 2,3 есе өсіп, 387,8 млн долларға жетсе, физикалық көлемі 2,5 есе ұлғайып, 780,8 мың тоннаны құрады.
Жануарларға арналған дайын азық экспорты 60,8%-ға өсіп, 577,6 млн долларға жетті. Ал жеткізілімнің заттай көлемі 44,2%-ға артты.
Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын азық экспорты 1,65 млрд долларды құрады. Осы үш тауар санаты бойынша экспорттың жиынтық құны бір жылда шамамен 48%-ға өсті. Бұл Қазақстанның қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндігі кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Мыс пен уран экспорты да ұлғайды
Агроөнеркәсіптік кешеннен бөлек, металлургия және тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің экспорты да өсті.
Мыс пен мыс катодтарын жеткізу көлемі құндық мәнде 55,7%-ға артып, 3,9 млрд долларға жетті. Уран экспорты 26,9%-ға өсіп, 3,1 млрд долларды құрады.
Импорт құрылымында өнеркәсіптік және энергетикалық жабдықтарға сұраныстың артуы байқалады. Электр генераторлық қондырғылар импорты 86,5%-ға өсіп, 916,5 млн долларға жетті. Ал газ турбиналарын қоса алғанда, турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштардың импорты 3,3 есе ұлғайып, 611 млн долларды құрады.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестері
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 23,3 млрд долларға жетіп, Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 22,7%-ын құрады.
Екінші орында Ресей тұр — 18,3 млрд доллар. Үшінші орынды Италия 11,8 млрд долларлық көрсеткішпен иеленді. Осы үш елдің үлесіне Қазақстанның сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы тиесілі.
Экспорт бағыттары бойынша Италия қазақстандық тауарларды ең көп сатып алған ел болды. Бұл мемлекетке жеткізілім көлемі 10,9 млрд долларды құрап, Қытайға экспорттан (10,7 млрд доллар) сәл жоғары болды.
Ал Қазақстанға тауар жеткізуші елдер арасында Ресей көш бастап тұр. Есепті кезеңде Ресейден импорт 13,2 млрд долларға жетті.
Қазақстан экспортының өсуіне ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар металлургия және тау-кен өнеркәсібі тауарлары да үлес қосты. Әсіресе күнбағыс майы, ұн және дайын жем экспортының ұлғаюы өңделген өнімдердің халықаралық нарықтардағы әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді.
Дереккөз: gov.kz.





