Қазақстанда шетелдік цифрлық компаниялардан түсетін ҚҚС көлемі артып келеді. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2022 жылы енгізілген «Google салығы» арқылы шетелдік интернет-компаниялар бюджетке 178,8 млрд теңге аударған. Деректер 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша берілген.
Тек 2026 жылдың басынан бері бюджетке 51,5 млрд теңге түскен. Бұл 2025 жылғы жылдық көрсеткішке жақын.
Салықты кімдер төлейді?
«Google салығы» — қазақстандық пайдаланушыларға тауар сататын немесе электрондық қызмет көрсететін шетелдік компаниялар төлейтін ҚҚС.
Қазір Қазақстанда мұндай салық төлеушілер ретінде 133 шетелдік компания тіркелген. Олардың қатарында Apple, Amazon, Alibaba, Adobe, Canva, Google, Huawei, Meta, Microsoft, Netflix, Nintendo, Ozon, OpenAI, Temu, TikTok, Samsung, Sony және Zoom бар.
2025 жылы бұл компаниялар бюджетке 57,6 млрд теңге аударды. Ең ірі салық төлеуші — Temu маркетплейсімен байланысты сингапурлық Elementary Innovation Pte. Ltd. Компания 13,3 млрд теңге төлеген.
Үздік бестікке сондай-ақ:
-
Apple — 11,2 млрд теңге;
-
Valve (Steam) — 10,3 млрд теңге;
-
Google — 7,3 млрд теңге;
-
iHerb — 4,9 млрд теңге кірді.
Ірі салық төлеушілер қатарында Meta, TikTok, AliExpress және басқа да шетелдік онлайн-дүкендер бар.
Танымал сервистер қанша төледі?
2025 жылы Қазақстан бюджетіне басқа да халықаралық платформалар ҚҚС аударды:
-
Netflix — 353,9 млн теңге;
-
Spotify — 293,1 млн теңге;
-
Zoom — 183,2 млн теңге;
-
Nintendo — 54 млн теңге;
-
Coursera — 33,2 млн теңге;
-
Samsung Electronics — 9 млн теңге;
-
IMDb — 375,7 мың теңге.
Бұл ретте шетелдік компанияның салық төлеушілер тізілімінде болуы оның жыл сайын міндетті түрде ҚҚС төлейтінін білдірмейді. Салық компания Қазақстан тұтынушыларына тауар сатқан немесе қызмет көрсеткен жағдайда ғана есептеледі.
Түсім жыл сайын өсіп келеді
Шетелдік цифрлық компаниялардан бюджетке түсетін түсім көлемі жыл сайын артып келеді:
2022 жыл — 10,4 млрд теңге
2023 жыл — 24,3 млрд теңге
2024 жыл — 35 млрд теңге
2025 жыл — 57,6 млрд теңге
2026 жыл — жеті айда 51,5 млрд теңге.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы жеті айында шетелдік интернет-компаниялар өткен жылдың толық көлеміне жуық салық төлеп үлгерді. Қазіргі динамика сақталса, биылғы жылдық көрсеткіш жаңа рекорд орнатуы мүмкін.





