Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау талаптары өзгереді. Отбасының қаржылық жағдайын бағалау кезінде кірістерден бөлек, банктік депозиттер, шығындар, кредиттік міндеттемелер және мүлік туралы мәліметтер де назарға алынады. Бұл туралы Kapital.kz Үкімет қаулысына сілтеме жасап хабарлады.
Депозиттің мөлшері қандай болуы керек?
Отбасының банктік салымдарындағы қаражат 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылуы мүмкін.
Бұл шектеу жеке адамға емес, бүкіл отбасының жинағына қатысты. 2026 жылғы мөлшер бойынша 200 АЕК — 865 мың теңге. Ал 2027 жылы шекті сома сол жылға белгіленген АЕК мөлшеріне сәйкес есептеледі.
Сонымен бірге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі депозиттерге бұл шектеу қолданылмайды.
Тағы қандай мәліметтер тексеріледі?
АӘК тағайындау кезінде уәкілетті органдар бірнеше көрсеткішті ескереді:
-
өтініш берілгенге дейінгі тоқсанда банк шоттарынан жұмсалған қаражат көлемін және алынған кредиттерді;
-
отбасы мүшелерінің меншігіндегі тұрғын үйлерді, көліктер мен жер учаскелерін;
-
табыс әкелетін жылжымайтын мүлік пен техниканың бар-жоғын.
Әрбір көрсеткішке қатысты жеке талаптар мен ерекшеліктер қарастырылған. Отбасының әлеуметтік және қаржылық жағдайы комиссия тарапынан бағаланып, қорытынды шығарылады.





