Қазақстанда ауылдық елді мекендердегі жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді. 31 тамыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға өз ауданының аумағынан қолайлы баспананы өздері таңдап, оны алу үшін өтініш беруге мүмкіндік беріледі.
Жаңа тәртіп жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салған немесе сатып алған тұрғын үйлерге қатысты. Өтініштерді алғашқы қабылдау 2026 жылғы 1–7 қыркүйек аралығында baspana.otbasybank.kz порталы арқылы жүргізіледі.
Өтінішті тиісті ауданда тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген азаматтар бере алады. Ол үшін қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Өтініш қабылдау аяқталғаннан кейін Отбасы банк тұрғын үй алушылардың тізімін қалыптастырады. Үміткерлерді іріктеу кезінде олардың тұрғын үй кезегіне қойылған күні, соңғы алты айдағы табысы, отбасы құрамы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.
Әлеуметтік санаттарға да басымдық қарастырылған. Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал кемінде 50%-ы әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарына бөлінеді.
Сонымен қатар, 14 қыркүйектен бастап отбасы құрамына қарай берілетін тұрғын үйдегі бөлмелер санын анықтаудың жаңа талаптары күшіне енеді. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар мен ата-аналарға, сондай-ақ әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме қарастыру талаптары ескеріледі.
Жаңа механизм тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Яғни ауылдық елді мекендерде қолжетімді жалдамалы тұрғын үй пайда болған сайын, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ұсынылған нұсқалардың ішінен өздеріне қолайлы баспананы таңдап, оны алу үшін өтініш бере алады.





