Бізге жазылыңыз:

Ашық деректерге қолжетімділік кеңейіп келеді

Ашық деректерге қолжетімділік кеңейіп келеді

Қазақстан Ұлттық Банкінде Ашық деректер репозиторийін пайдаланушылармен сарапшылық сессия өтті. Іс-шара қаржы нарығы туралы деректердің ашықтығын арттыруға, оларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге және пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып цифрлық сервистерді жетілдіруге арналды.

Ашық деректер репозиторийі қаржы нарығы статистикасына машинада оқылатын форматта қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірыңғай платформа болып табылады. Бұл жүйе зерттеушілерге, талдаушыларға, бизнес өкілдеріне, әзірлеушілерге және мемлекеттік органдарға қажетті ақпаратты жедел алуға, өңдеуге және талдауға жағдай жасайды.

Сарапшылық сессия барысында қатысушылар Ұлттық Банктің деректер экожүйесін дамыту бағыттарын, Ашық деректер репозиторийін жаңғырту жоспарларын және пайдаланушылардың нақты сұраныстарын талқылады. Сонымен қатар қаржылық статистиканы ұсыну тәсілдерін жетілдіру, деректердің сапасын арттыру және жаңа цифрлық құралдарды енгізу мәселелері көтерілді.

 Ұлттық Банктің өкілдері ашық әрі тұрақты диалог деректерді басқару жүйесін тиімді дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Олардың пікірінше, пайдаланушылармен кері байланыс орнату ақпараттың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қаржы нарығы туралы мәліметтерді пайдалану тиімділігін де жақсартады.

Бүгінде ашық деректер экономиканың цифрлық трансформациясының маңызды элементіне айналып отыр. Олар бизнеске жаңа өнімдер әзірлеуге, зерттеушілерге сапалы талдау жүргізуге, ал мемлекеттік құрылымдарға негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. Осыған байланысты Ұлттық Банк деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.

Сессия барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Репозиторийді одан әрі дамыту кезінде ескерілмек. Сондай-ақ олар Ұлттық Банктің деректерді басқару саласындағы жаңа жобаларын іске асыруға негіз болады.

Ашық деректер репозиторийі арқылы пайдаланушылар қаржы нарығының негізгі көрсеткіштері бойынша өзекті статистикалық ақпаратқа қол жеткізе алады: data.nationalbank.kz

Ұқсас материалдар