Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Энергетика министрлігі көмірсутек саласындағы цифрландыру жобаларын қаржыландыру қағидаларын бекітетін бірлескен бұйрыққа қол қойды. Құжат 2026 жылғы 22 қарашада күшіне енді.
Жаңа ережелерге сәйкес, көмірсутек өндірумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушылар өткен жылы өндіру кезеңінде жұмсаған шығындарының 1%-ы көлеміндегі міндетті қаражатты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ғана емес, цифрландыру жобаларына да жұмсай алады.
Компаниялар қаражатты осы екі бағыт арасында өздері бөледі. Цифрландыруға бөлінетін соманың барлығын немесе бір бөлігін пайдалануға болады. Бұл ретте кәсіпорындардың жалпы міндеттемелерінің мөлшері өзгермейді.
«Жаңа тетік кәсіпорындарға өндірістің нақты қажеттіліктеріне сай келетін цифрлық технологияларды міндетті аударымдар есебінен енгізуге мүмкіндік береді. Бұл саланы жаңғыртуға, оның тиімділігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздігін арттыруға қосымша жағдай жасайды. Сонымен қатар отандық IT-шешімдерге сұраныс қалыптасып, жер қойнауын пайдаланушылар мен қазақстандық әзірлеушілер арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейеді», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Жаңа механизмнің операторы ретінде «Astana Hub» АКҚ белгіленді. Технологиялық кластер жобаларды қарастыру, орындаушыларды іріктеу, келісімшарттар жасау және оларды іске асыру кезеңдерінде сүйемелдейді. Шешімдерді бағалауға қазақстандық IT-компаниялар мен салалық сарапшылар қатысады.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, кластер мұнай-газ кәсіпорындары мен отандық технологиялық компаниялар арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Astana Hub экожүйесінде 2 700-ден астам IT-компания мен сарапшы бар. Олардың арасында өнеркәсіпке арналған, соның ішінде жасанды интеллект пен Physical AI негізіндегі шешімдерді әзірлейтін мамандар да бар.
Кәсіпорындармен жұмыс Ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесі» арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар цифрландыру жобасына техникалық тапсырмасын қоса отырып, өтінім бере алады.
Алдымен өтінімдерді Энергетика министрлігі жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес қарайды. Одан кейін Astana Hub Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Энергетика министрлігінің өкілдері қатысатын сараптама жүргізеді. Келесі кезеңде инновациялық кластер қатысушылары арасынан конкурстық негізде орындаушылар таңдалып, келісімшарттар жасалады.
Осылайша, мұнай-газ кәсіпорындары қолданыстағы міндеттемелері шеңберінде өндірісті цифрландыруға қаражат бөле алады. Ал қазақстандық IT-компаниялар өз өнімдерін ірі өнеркәсіптік нысандарда сынақтан өткізіп, енгізуге мүмкіндік алады.
Алдағы уақытта бұл тәсілді жер қойнауын пайдаланудың басқа бағыттарына да қолдану жоспарланып отыр.





