Бізге жазылыңыз:

Аграршыларға сақтандыру полисіне 80% жеңілдік берілді

Аграршыларға сақтандыру полисіне 80% жеңілдік берілді

Қазақстанда егін жинау науқаны кезеңінде дәнді және майлы дақылдарды топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тәуекелінен сақтандыруға өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Сақтандыру бағдарламасы Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолжетімді.

Өтінімдерді 2026 жылғы 30 маусымға дейін Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады. Сақтандыру мерзімі 15 тамыз бен 14 қазан аралығын қамтиды және егін жинау кезеңінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануынан туындайтын шығындарды өтеуге бағытталған.

Министрліктің мәліметінше, сақтандыру рәсімдерінің барлығы электронды форматта жүзеге асырылады. Өтінім беру, шарт жасасу және сақтандыру төлемін алу процестері Kezekte.kz платформасындағы Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Бағдарламаға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қолдау тетігі. Соның арқасында сақтандыру полисінің құнының 80%-ын мемлекет субсидиялайды. Нәтижесінде фермерлер сақтандыру жарнасының небәрі 20%-ын ғана төлейді.

Ведомствоның пікірінше, бұл шара агросақтандырудың қолжетімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің климаттық тәуекелдерге төзімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар