300 мың теңге жалақы алатын азаматтың болашақ зейнетақысы жарналарды қай жастан бастап аударғанына байланысты өзгеруі мүмкін. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) екі түрлі жағдайға арналған есеп ұсынды.
Қордың есебіне сәйкес, зейнетақы жарналарын 23 жастан бастап тұрақты аударған адамның жинақтарынан төленетін алғашқы айлық төлем 143 053 теңге болуы мүмкін. Ал жарналарды 28 жастан бастаған жағдайда бұл көрсеткіш 116 023 теңгені құрайды.
Осылайша, екі жағдайдағы алғашқы ай сайынғы төлемнің айырмасы 27 030 теңгеге жетеді. Жинақталған қаражат арасындағы айырмашылық шамамен 5 млн теңге болады.
Есеп қандай болжамдарға негізделген?
БЖЗҚ есептеу кезінде бірнеше шартты ескерген:
-
жалақы жыл сайын инфляцияны есептемегенде 2%-ға өседі;
-
инвестициялық табыс инфляция деңгейінен 1 пайыздық тармаққа жоғары болады;
-
зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға артады;
-
төлем алу мерзімі 18 жылды құрайды.
Қор бұл есеп бес жыл бойы жарна аудармаған әр адамның нақты қанша қаражат жоғалтатынын көрсетпейтінін атап өтті. Мұнда зейнетақы жарналарын 23 және 28 жастан бастаған екі жағдай салыстырылған.
Сондай-ақ көрсетілген сомалар тек БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақыға қатысты. Есепке базалық және ынтымақты зейнетақы кірмейді.
Миллиондаған адамның зейнетақы жарналарында үзіліс болған
2026 жылғы 1 қазандағы деректерге сәйкес, 2,9 млн салымшының жеке зейнетақы шотына бір жыл бойы міндетті зейнетақы жарналары түспеген. Үш жыл бойы жарна аударылмаған салымшылар саны 1,8 млн адамға, ал бес жыл бойы жарна түспегендер саны 1,2 млн адамға жеткен.
Алайда жарналардың түспеуі зейнетақы өтілі есептелмейді дегенді білдірмейді. Заңнамада көзделген кейбір кезеңдер, соның ішінде бала үш жасқа толғанға дейінгі күтім уақыты, зейнетақы өтіліне есептелуі мүмкін.
Зейнетақы жарналарының түсу тарихын БЖЗҚ мобильді қосымшасы немесе электрондық үкімет порталы — eGov арқылы тексеруге болады.





