Бізге жазылыңыз:

Жезқазғанда жаңа спорт нысандары салынады

Жезқазғанда жаңа спорт нысандары салынады

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа облыс әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды.

Меморандум аясында Жезқазған қаласында 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жоспарланып отыр.

Жабық футбол стадионының құрылысы 2027–2028 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған. Нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептеріне жыл бойы жаттығуға, сондай-ақ түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Ал теннис орталығын 2026–2028 жылдары салу көзделген. Оның құрамында жабық және ашық теннис корттары, жаттығу залдары, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ спортшыларға медициналық көмек көрсету және қалпына келу аймақтары болады.

«Бұл жобалар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты түрде айналысып, өз қабілеттерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Біздің басты міндетіміз – облысқа инвестиция тарту қарқынын сақтап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесі халық үшін нақты сезілуін қамтамасыз ету», – деді Есет Байкен.

Сонымен қатар «Қазақмыс» қолдауымен 2026–2027 жылдары Жезқазғанда мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу және Кеңгір су қоймасының жағалауын көркейту жоспарланған.

Жаңа жобалар қаладағы спорттық, әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Ұқсас материалдар