2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9% көрсеткішке жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 126,5 млрд кВтсағ болады деп жоспарланып отыр.
«6 айдың қорытындысы бойынша 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9% құрады. Осы жылға арналған болжам – 126,5 млрд кВтсағ. Электр энергиясының тапшылығын азайту үшін, осы жылы шамамен 2,66 ГВт энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарлануда. Бұл Алматы қаласындағы екінші және үшінші жылу электр орталығының жаңғыртылуы, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, Атырау жылу электр орталығында №11 турбиналық агрегатын және №15 қазандығын іске қосу, Текелі энергокешенінде 3 қазан-пайдалану қазандығын және генератормен бу турбинасын енгізу, сондай-ақ жиынтық қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің нысандары», — деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын газ турбиналы қондырғы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жалпы қуаты 212,6 МВт болатын 7 жоба пайдалануға берілді.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 21,2%-ға өсіп, 5,1 млрд кВтсағ болды.





