Вице-премьер Өскемен ЖЭО-ның жаңғыртылуымен, инфрақұрылымының дамуымен танысты

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында вице-премьер энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның негізгі нысандарын аралады.
Ол Өскемен ЖЭО-ның жаңғыртылу барысымен танысты. Бұл станция қаланың 80%-дан астамын жылумен қамтамасыз етеді. 2025 жылы "Инвестицияларға айырбас ретінде тариф" бағдарламасы аясында жөндеу және құрылыс жұмыстарына 7,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Станцияда 9 қазандық агрегаты мен 8 турбина агрегатын жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында қуаттылықты арттыру бойынша жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ, вице-премьер 4 мыңнан астам абонент пен бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды жылумен қамтамасыз ететін Согра ЖЭО-ға барды. Соңғы үш жылда мұнда жабдықтың тозу деңгейі 63,25%-дан 61,87%-ға дейін төмендеді. 2025 жылы жаңғырту жұмыстары жалғасатын болады.
Канат Бозумбаев сапар барысында Новая Согра ауылында салынып жатқан жаңа кәріз тазарту ғимараттарының құрылысымен де танысты. Кешеннің өнімділігі тәулігіне 13 мың текше метрден асады.
Сапар соңында вице-премьер Су тасқынына және өрт қаупі кезеңіне дайындық мәселелері бойынша Ситуациялық орталықта кеңес өткізді.