Астанада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Түркістан облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған іс-шарада өңірден келген 50 креатор өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстырды.
29–30 тамыз күндері Qazaq Creative Hub алаңында өткен жәрмеңкеге шамамен 5 200 адам келді. Нәтижесінде түркістандық креаторлар жалпы 21 млн теңгенің өнімін сатты.
Жәрмеңкеде ұлттық және заманауи дизайнды үйлестірген түрлі өнімдер ұсынылды. Олардың қатарында кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, ұлттық кілемдер, дизайнерлік киімдер, ат әбзелдері, домбыра, сондай-ақ киіз, ағаш және қыштан жасалған бұйымдар бар. Сонымен бірге сәндік паннолар, жібек орамалдар, тақиялар, көрпешелер мен сөмкелер қойылды.
Іс-шараның іскерлік және мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. Қолөнер шеберлері арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, келушілерге өз өнерлерінің қыр-сырын көрсетті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолданатын инновациялық жобалар мен стартаптар таныстырылды.
Келушілер үшін сән көрсетілімі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жәрмеңке шығармашылық өнімдерді сататын алаң ғана емес, мәдени және іскерлік байланыс орнататын ортаға айналды.
Жоба өңірдегі креативті индустрия өкілдеріне өз брендтерін кеңінен танытуға, жаңа серіктестер табуға және нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Creative Aimaq жобасы аясындағы жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасады. Келесі кезекте өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын Жамбыл облысының креаторлары таныстырады.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.





