Тоқаев: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2,3 млрд доллар төленді
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 6,5 млн қазақстандық баланың арнайы есепшотына жалпы 2,3 млрд доллар аударылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде заңнамалық деңгейде бекіткен өңірдегі алғашқы мемлекет болды.
– Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бағдарламаның нақты нәтижесін атап өтті. Оның айтуынша, жоба іске қосылғаннан бері 6,5 млн баланың есепшотына 2,3 млрд доллар аударылған.
Сонымен қатар Президент балаларды қолдау тетіктерін кеңейту мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылғанын еске салды.
Бұдан бөлек, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен дарынды оқушыларды жүйелі қолдау жалғасып жатыр.
– Болашаққа инвестиция салу дегеніміз – осы. Еуразия кеңістігінде әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаржы бөліп отырған мемлекет кемде-кем, – деді Мемлекет басшысы.





