Бізге жазылыңыз:

Тоқаев: Қазақстан Кореямен экономикалық серіктестікті кеңейтуге дайын

Тоқаев: Қазақстан Кореямен экономикалық серіктестікті кеңейтуге дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы бизнес-саммитінде сөз сөйлеп, Қазақстанның Корея Республикасымен экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.

Президент Оңтүстік Кореяның Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға деген тұрақты ұстанымын Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай қысым жасап отырғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім ұзақ мерзімді іскерлік серіктестіктің маңызды негізіне айналады.

«Біз Корея Республикасымен өзара іс-қимылға берікпіз. Сіздердің мемлекеттеріңізге, ежелгі дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізге зор құрметпен қараймыз. Орталық Азия аймағында айтарлықтай табиғи ресурстар, өсіп келе жатқан тұтыну нарығы және жас халық бар», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық ЖІӨ көлемі $550 млрд-қа жуықтап, экономикалық өсім 6%-дан асқан. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.

Президент сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы және көлік саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті.

Оның сөзінше, Орталық Азияның табиғи ресурстары мен өсіп келе жатқан нарығын Кореяның өнеркәсіптік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға жаңа жол ашады.

«Ортақ әлеуетімізді “Ресурстар синергиясы – ортақ мақсаттарға жету жолында” формуласы бойынша біріктіре отырып, көпқырлы серіктестігімізді мүлде жаңа сапалы деңгейге көтере аламыз деп санаймын. Қазақстан бұл маңызды міндетті шешу үшін өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас материалдар