Бізге жазылыңыз:

Су болжамнан көп келді: Шардара су қоймасына 1,7 млрд текше метрге артық су жиналды

Су болжамнан көп келді: Шардара су қоймасына 1,7 млрд текше метрге артық су жиналды

2024 жылғы 1 қазаннан 2025 жылғы 1 сәуірге дейін Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына 12,6 млрд текше метрден астам су түсті. Бұл бастапқы болжамнан 1,7 млрд текше метрге артық. Бұл туралы Өзбекстанда өткен Самарқан халықаралық климат форумында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды Қаржы ақпарат орталығы министрлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша:

  • Солтүстік Арал теңізіне 1,8 млрд текше метрге жуық су бағытталды, бұл да жоспардан 120 млн текше метрге көп.

  • «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 490 млн текше метр су келді.

2024 жылғы қазаннан бастап 2025 жылғы қазанға дейін Өзбекстанмен жасалған келісім аясында Қазақстанға 16 млрд текше метрден астам су жеткізілуі тиіс.

«Бұл су оңтүстік облыстардағы егіншілерді суару кезеңінде қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Су дипломатиясы мен халықаралық ынтымақтастық – министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Шекаралас суларды әділ бөлу, тәжірибе алмасу және жаңа технологияларды бірлесіп енгізу – Орталық Азияның су қауіпсіздігіне кепіл болады», – деді Нұржігітов.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында Каспий теңізіндегі экологиялық проблемаларға назар аудартқан болатын. Бұл мәселелердің бірі — ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының әсері. Сонымен қатар, каспийлік итбалықтарды қалпына келтіру бағдарламасы әзірленіп жатқаны да хабарланды.

Ұқсас материалдар