Бізге жазылыңыз:

Shin-Line мен Lotte логистика саласында серіктестік орнатады

Shin-Line мен Lotte логистика саласында серіктестік орнатады

Қазақстандық «Шин-Лайн» компаниялар тобы мен оңтүстіккореялық Lotte Global Logistics (LGL) көлік-логистикалық бағытта бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді.

Сеулде «Шин-Лайн» президенті Андрей Шин мен LGL өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жобаға шамамен 1 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.

Жаңа Shin-Line Lotte Global Logistics (SLGL) компаниясында LGL-дің үлесі 51%, ал «Шин-Лайнның» үлесі 49% болады. Кәсіпорынды екі тарап бірлесіп басқарады.

Жобаның негізгі мақсаты – компаниялардың логистикалық операцияларын біріктіру, шығындарды оңтайландыру және заманауи технологияларға негізделген бірыңғай платформа қалыптастыру.

Жаңа оператор 3PL қызметтерін «Шин-Лайнға» ғана емес, басқа компанияларға да ұсынбақ. Қызметтер сауда желілерін, CSV сегментін және онлайн-дүкендерді қамтиды. Сонымен қатар Қазақстан бойынша дистрибуция желісін кеңейту көзделген.

«Шин-Лайн» бірлескен кәсіпорынды тұрақты жүк ағынымен, өндірістік және дистрибуциялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Компания сонымен бірге қойма нысандары мен автокөлік ресурстарын береді.

Ал Lotte Global Logistics халықаралық логистика саласындағы тәжірибесін және TMS пен WMS сияқты көлік пен қойма процестерін басқаруға арналған IT-жүйелерін ұсынбақ.

Бірлескен кәсіпорынды заңды түрде 2026 жылы құру жоспарланып отыр. 2027 жылы операциялық тұрақтандыру кезеңі өтеді. Ал 2028–2031 жылдары компания 3PL нарығында жұмысын кеңейтіп, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Қазақстанның басқа да өңірлеріне шығуды жоспарлап отыр.

Меморандумды іске асыру үшін екі тараптан 20 маманнан, жалпы 40 сарапшыдан тұратын жұмыс тобы құрылды.

Қыркүйек айының ортасында жобаның аралық нәтижелерін талқылап, негізгі шешімдерді келісу жоспарланған. Ал бірлескен кәсіпорынды құрудың қаржылық-экономикалық көрсеткіштері мен жол картасы көрсетілген қорытынды есеп 2026 жылдың қазан айында ұсынылады.

Ұқсас материалдар