Қазақстан АҚШ бизнесіне шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ауқымды инвестициялық жобаларды ұсынды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан–АҚШ іскерлік дөңгелек үстелінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, инвестиция үшін ең перспективалы бағыттардың бірі – шикізатты терең өңдеу. Қазақстанның металл, көмірсутек және ауыл шаруашылығы шикізатының мол қоры мыс, алюминий, темір, сирек жер металдары өндірісі, мұнай-химия, мұнай өңдеу, көмір химиясы және бидайды терең өңдеу салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Оның мәліметінше, бұл бағыттағы жобалардың жиынтық әлеуеті шамамен 95 млрд АҚШ долларына бағаланады.
Серік Жұманғарин импортты алмастыру бағыты да басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Үкімет импорт үлесі 50%-дан асатын және өндірісті жергіліктендіру экономикалық тұрғыдан тиімді салаларды айқындаған.
– Жалпы құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын жүздеген жоба қалыптастырылды. Олардың басым бөлігін мемлекеттік қолдаусыз-ақ іске асыруға болады, – деді министр.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамытуға да ауқымды инвестициялар жоспарланған. Ұлттық инвестициялық жоспар аясында жалпы құны 80 млрд АҚШ долларына жуық 200-ден астам жоба жүзеге асырылады.
Бұған қоса, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы аясында электр энергиясын өндіру нысандары мен электр желілерін дамытуға қосымша 25 млрд АҚШ доллары бағытталмақ.
Министр Қазақстан экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік өндірістерді дамытуға мүдделі халықаралық компаниялармен әріптестікті кеңейтуге дайын екенін айтып, америкалық инвесторларды елдегі жаңа жобаларға белсенді қатысуға шақырды.





