Бізге жазылыңыз:

Satbayev University Қытайда ақпараттық инженерия мектебін ашты

Satbayev University Қытайда ақпараттық инженерия мектебін ашты

Қытайдың Циндао қаласында Satbayev University мен Qingdao University of Science and Technology (QUST) бірлесіп құрған Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебі жұмысын бастады.

Алғашқы қабылдауға 188 студент қатысты: оның ішінде 150 бакалавр және 38 магистрант бар. Оқу бағдарламалары қазақстандық университетке өз білім беру бағдарламаларын Қытай аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бакалавриат студенттері Computer Science, Information Engineering және Communication Engineering бағыттары бойынша білім алады. Төрт жылдық бағдарлама 4+0 форматында жүзеге асырылады, яғни студенттер төрт жыл бойы Циндаода оқиды. Екі университеттің талаптарын орындаған түлектер QUST білім туралы құжатын және Satbayev University дипломын алады.

Сонымен қатар Software Engineering мамандығы бойынша екі жылдық магистратура бағдарламасы іске қосылды.

«Бұл біз үшін Satbayev University-дің халықаралық дамуындағы маңызды қадам. Қазақстанның инженерлік білім беру бағдарламалары енді Қытайда ұсынылып отыр және алғашқы 188 студент білім ала бастады. Келесі міндет – екі елдің оқытушылары, студенттері және индустриялық серіктестері қатысатын бірлескен зерттеулерді, зертханалар мен технологиялық жобаларды дамыту», – деді Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев.

Мектептің ашылуымен қатар Қытай-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар жөніндегі бірлескен зертханасы да жұмысын бастады. Оның қызметі ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, цифрлық жүйелер және телекоммуникациялар салаларындағы зерттеулерге бағытталады.

Университеттер оқытушылар мен зерттеушілер алмасуын дамытуды, сондай-ақ студенттерді бірлескен технологиялық және ғылыми жобаларға тартуды жоспарлап отыр.

Жоба «Орталық Азия – Қытай» форматындағы білім және ғылыми зерттеулер жылы деп жарияланған жылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама Қазақстанның жоғары білім және инженерлік кадрлар даярлау саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар