Бізге жазылыңыз:

Ресейден жылына 6,3 млрд текше метр газ жеткізу жоспарланып отыр

Ресейден жылына 6,3 млрд текше метр газ жеткізу жоспарланып отыр

Қазақстан Үкіметі елдің солтүстік облыстары мен Астананы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Ресеймен жаңа магистральдық газ құбырын салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоба қолданыстағы «Сарыарқа» газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы маңындағы «Карасуль» компрессорлық станциясымен байланыстыруды көздейді.

— Бұл жоба Солтүстік Қазақстан өңірлерін, соның ішінде Петропавл, Көкшетау және Астана қалаларын табиғи газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, — деді вице-министр.

Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербургте өткен Петербург халықаралық газ форумы аясында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында тиісті меморандумға қол қойылған.

Құжат Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыруды қарастырады. Алдын ала жоспар бойынша 2030 жылдан бастап Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Астананы газбен қамтамасыз ету үшін жылына 6,3 млрд текше метрге дейін ресейлік газ импортталуы мүмкін.

Жоба аясында ұзындығы шамамен 540 шақырым болатын жаңа магистральдық газ құбырын салу жоспарланған.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тараптар жобаның негізгі параметрлерін талқылауды жалғастырып жатыр. Түпкілікті келісімдерге қол жеткізіліп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін газ жеткізу шарттары мен құбырдың нақты бағыты анықталады.

Ұқсас материалдар