Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстандағы азық-түлік бағасына әсер етпейді
Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстанның ішкі нарығындағы азық-түлік бағасына және алдағы күзгі жиын-терім науқанына кері әсер етпейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдетілген бағамен дизель отынымен қамтамасыз ету жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Мемлекет көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқандарына қажетті жанар-жағармай көлемін алдын ала бекітіп, өңірлерге жеткізуді жоспарлы түрде жүзеге асырады.
Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 402 мың тонна дизель отыны бөлінсе, күзгі жиын-терім науқанына тағы 400 мың тоннаға жуық отын қарастырылған. Осылайша, фермерлердің жылдық қажеттілігі үшін шамамен 800 мың тонна жеңілдетілген дизель көзделіп отыр. Көктемгі науқаннан пайдаланылмай қалған жанармайды шаруалар егістікті күтіп-баптау жұмыстарына пайдалана алады.
Вице-министрдің айтуынша, министрлік бекіткен кестеге сәйкес әр өңір белгілі бір мұнай өңдеу зауытына бекітілген. Қазіргі уақытта зауыттар өндіріс пен жөнелту жұмыстарын белгіленген мерзімде атқарып жатыр, ал жанармай жеткізу тізбегінде ешқандай іркіліс тіркелмеген.
Азат Сұлтанов сыртқы нарықтағы өзгерістер мен геосаяси ахуалдың осы уақытқа дейін Қазақстанның ауыл шаруашылығын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жүйесіне айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті.
Сонымен қатар ол жанармай құнының мал азығының өзіндік құнына, сәйкесінше ет пен сүт өндірісінің шығындарына ықпал ететінін жоққа шығармады. Дегенмен мемлекет тарапынан бөлінетін тұрақты дизель көлемі мен бекітілген жеңілдетілген баға ішкі шығындардың күрт өсуіне жол бермейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері күзгі дала жұмыстарының үздіксіз өтуін қамтамасыз етіп, Қазақстандағы азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.





