Бізге жазылыңыз:

QIC Алматы әуежайы жобасынан шығуын аяқтап жатыр

QIC Алматы әуежайы жобасынан шығуын аяқтап жатыр

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) «Алматы халықаралық әуежайы» жобасынан шығу процесін аяқтап жатыр. Бұл TAV Airports компаниясының Kazakhstan Infrastructure Fund қорындағы 15% үлесті сатып алуына байланысты жүзеге асуда. Мәміле құны 133 млн АҚШ долларын құрады.

QIC жобаға Kazakhstan Infrastructure Fund арқылы қатысқан. 2021 жылдың сәуірінде қор 415 млн долларлық мәміле аясында 30 млн доллар көлемінде үлестік қаржыландыру ұсынып, әуежай акционерлерінің құрамына кірген болатын.

QIC қатысқан кезеңде Алматы халықаралық әуежайы ауқымды жаңғыртудан өтті. 2024 жылы инвестициялық бағдарлама аяқталып, ауданы 53,5 мың шаршы метр болатын жаңа халықаралық терминал, VIP-терминал және инженерлік инфрақұрылым пайдалануға берілді. Сонымен қатар бұрынғы жүйеден төрт есе өнімді заманауи багаж өңдеу жүйесі іске қосылды.

Жаңғырту жолаушылар ағынының қарқынды өсуімен қатар жүрді. Егер 2021 жылы әуежай 5,6 млн жолаушыға қызмет көрсетсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 11,93 млн адамға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әуежай 5,76 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға өсім көрсетті. Осы кезеңдегі табыс көлемі 257,9 млн долларды құрады.

Жоба әуежайдың өткізу қабілетін едәуір арттырып, оны Азия, Еуропа және Таяу Шығысты байланыстыратын өңірлік авиациялық хабқа айналдыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

«Алматы халықаралық әуежайы – QIC тарихындағы ең маңызды жобалардың бірі. Біз бұл жобаға ел үшін стратегиялық маңызын түсіне отырып кірдік. Әуежай – жай ғана инфрақұрылым нысаны емес, Қазақстанның әлемге ашылатын қақпасы. Біздің қатысуымыздың арқасында актив сапалы трансформациядан өтіп, жаңа деңгейге көтерілді. Жобадан сәтті шығу таңдалған инвестициялық стратегияның тиімділігін және еліміз үшін стратегиялық маңызды нысандарға халықаралық капитал тарту қабілетімізді дәлелдейді», – деді QIC басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғаббас Ержанов.

QIC мәліметінше, бұл мәміле портфельдік жобадан жасалған кезекті сәтті шығу болды. 2025 жылы корпорация инвестициялардан алты толық және ішінара шығу мәмілесін жүзеге асырып, ұзақ мерзімді құн қалыптастыруға бағытталған инвестициялық моделінің тиімділігін тағы бір мәрте растады.

Ұқсас материалдар