2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) өтелмеген кредиттерінің көлемі 124,3 млрд SDR, немесе шамамен $170,6 млрд болды. Оның аз ғана бөлігі Орталық Азия елдеріне тиесілі.
SDR — арнайы қарыз алу құқығы, яғни ХВҚ-ның негізгі әлемдік валюталар қоржыны негізінде құны айқындалатын есептік бірлігі. Аталған күнгі жағдай бойынша 1 SDR шамамен $1,37 болды.
ХВҚ алдындағы ең ірі қарыз Аргентинаға тиесілі — 42,6 млрд SDR немесе $58,4 млрд. Одан кейін Украина ($14,9 млрд), Пәкістан ($11 млрд), Мысыр ($10,8 млрд) және Эквадор ($9,8 млрд) тұр.
Орталық Азиядағы жағдай
Пандемия кезінде күрт өскеннен кейін аймақтағы ХВҚ алдындағы қарыз көлемі біртіндеп төмендеп келеді.
2020 жылдың соңында Орталық Азия елдерінің өтелмеген кредиттерінің жалпы көлемі 684 млн SDR болды. 2025 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 271,9 млн SDR-ға дейін төмендеп, 60,2%-ға қысқарды.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша ХВҚ алдында қарызы бар Орталық Азия елдерінің саны үшеуге дейін азайды. Олар — Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан. Үш елдің жалпы берешегі шамамен 239 млн SDR немесе $328 млн болды.
Ең көп қарыз Тәжікстанға тиесілі — 111,4 млн SDR ($152,9 млн). Өзбекстанның қарызы 73,6 млн SDR ($101,1 млн), ал Қырғызстанның берешегі 54 млн SDR ($74,2 млн).
Өзбекстан қарызын 70%-ға жуық қысқартты
Өзбекстандағы қарыздың қысқаруы ерекше байқалады. 2020 жылдың соңында елдің ХВҚ алдындағы берешегі 275,6 млн SDR болды. 2023 жылы ол 229,7 млн SDR-ға, 2024 жылы 137,9 млн SDR-ға, ал 2025 жылдың соңында 82,8 млн SDR-ға дейін төмендеді.
Осылайша, бес жыл ішінде Өзбекстанның ХВҚ алдындағы қарызы шамамен 70%-ға қысқарған.
Қазақстанның ХВҚ алдында қарызы жоқ
Қазақстан Орталық Азиядағы басқа елдерден ерекшеленеді. Ел ХВҚ алдындағы берешегін 2000 жылғы 24 мамырда толық өтеген.
Соңғы төлем 295,8 млн SDR немесе сол кездегі бағам бойынша шамамен $385 млн болды. Осыдан кейін Қазақстан ХВҚ-дан жаңа кредит алған жоқ.
Сонымен бірге Қазақстан қормен ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Ел ХВҚ мүшесі болып қала береді, ал қор IV бап бойынша консультациялар аясында Қазақстан экономикасының жағдайын тұрақты бағалайды. Соңғы консультациялар 2026 жылғы қаңтарда аяқталды.
Түрікменстанның да ХВҚ алдында қарызы жоқ. Алайда бұл елдің жағдайы өзгеше: Түрікменстан қордан қаржылық кредит алмаған.
Жалпы, Орталық Азия елдерінің ХВҚ алдындағы қарызының азаюы пандемия кезеңімен салыстырғанда олардың қор кредиттеріне тәуелділігінің айтарлықтай төмендегенін көрсетеді. Дегенмен ХВҚ-мен ынтымақтастық жалғасып жатыр және ол тек кредит алумен шектелмейді.
Дереккөз: Ranking.kz — мақаланың толық нұсқасы





