Қазақстанда микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мен коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу талаптары күшейтілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы жылдары қабылданған өзгерістердің негізгі нәтижелерін жариялап, олардың халықтың борыш жүктемесін төмендетуге, қаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын мәлімдеді.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елде 211 микроқаржы ұйымы мен 205 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Агенттік мәліметінше, цифрлық қаржы сервистері мен онлайн-кредиттердің дамуы қарыз алуды жеңілдеткенімен, азаматтардың қарыз жүктемесінің артуына және жосықсыз тәжірибелердің көбеюіне себеп болған.
МҚҰ-ларға қойылатын талаптар күшейтілді
Реттеу аясында микроқаржы ұйымдарының ең төменгі жарғылық капиталы 100 млн теңгеден 200 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар капитал жеткіліктілігіне қатысты жаңа талаптар енгізіліп, жұмыс істемейтін микрокредиттердің (NPL 90+) ең жоғары деңгейі 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.
Тұтынушылық микрокредиттерге қатысты талаптар да қайта қаралды. Бұрын кең тараған «жалақыға дейінгі» қарыздарды реттеудің ерекше тәртібі алынып тасталып, барлық микрокредиттер үшін бірыңғай шектеулер енгізілді. Енді жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 179%-дан, ал күндік мөлшерлеме 0,3%-дан аспауға тиіс.
Сондай-ақ бес жылдан астам мерзімге кепілсіз несие беруге тыйым салынып, онлайн-кредит рәсімдеу кезінде міндетті 24 сағаттық «ойлану кезеңі» енгізілді.
Борыш жүктемесін азайтуға басымдық берілді
Агенттік азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін бірқатар шектеулер қабылдады. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға, сондай-ақ соңғы үш жыл ішінде қарызы кешірілген тұлғаларға жаңа микрокредит беруге шектеу қойылды.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарын коллекторлық агенттіктерге беруге енгізілген мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігі артты
Коллекторлық қызметке қатысты талаптар да қатаңдатылды. Агенттіктердің қаржы ұйымдарымен және басқа коллекторлық компаниялармен үлестес болуына тыйым салынды. Сонымен бірге қызметкерлердің бірнеше агенттікте қатар жұмыс істеуіне шектеу енгізіліп, ұйымдарды тізілімнен шығару негіздері кеңейтілді.
Бұдан бөлек, коллекторлық агенттіктерге өздерімен үлестес нотариустармен және жеке сот орындаушыларымен жұмыс істеуге тыйым салынды. Енді олар қарызды өндіріп алмас бұрын міндетті түрде берешекті реттеу рәсімін өткізуге тиіс.
Сондай-ақ заң бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдар екі есеге ұлғайтылып, коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін жеке әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Қадағалау күшейтілді
2023 жылдан бері Агенттік 824 тексеру жүргізіп, 310 қадағалау шарасын қолданды. Жалпы сомасы 693,4 млн теңгеге 2 010 әкімшілік айыппұл салынды.
Заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін 99 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарылып алынды, 29 ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылды, ал 47 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.
Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында борыштық жүктеме коэффициентін сақтамау, рұқсат етілген мөлшерлемеден жоғары несие беру, кредиттік бюроларға дұрыс емес мәлімет ұсыну және борышкерлермен жұмыс істеу тәртібін бұзу бар.
Қарыз алушыларға қолдау көрсетілді
Қадағалау жұмыстарының нәтижесінде тек санкциялар ғана қолданылып қоймай, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге де көңіл бөлінді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер 33,9 мың қарыз алушының негізгі қарызын, сыйақысын, айыппұлдары мен өсімпұлдарын толық немесе ішінара есептен шығарды. Сонымен қатар 722 мың азаматтың қарызы қайта құрылымдалды.
Жаңа заң жаңа талаптар енгізеді
Банктер туралы жаңа заң аясында микроқаржы ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қатысты жаңа талаптар белгіленді. Бұдан бөлек, бірыңғай қызмет стандарттарын әзірлеуге, тұтынушылардың өтініштерін қарауға және нарық қатысушыларының кәсіби деңгейін арттыруға қатысатын өзін-өзі реттейтін ұйымдар институты енгізілді.
Агенттіктің мәліметінше, қабылданған өзгерістер микроқаржыландыру нарығының тұрақтылығын күшейтіп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.