— Жыл сайын мал шаруашылығын дамытуға миллиардтаған қаражат бөлінгенімен, ет өндірісі дұрыс жолға қойылмағандықтан халық бюджеттен бөлінген ақшаның игілігін көре алмай отыр. Өйткені ет соңғы жылдары қымбаттап кетті. Осының себебін қалай түсіндіресіз, — деп сұрады журналист.
Вице-министр бұл пайыммен келіспейтінін айтты.
— Қызыл еттің барлық түрі (мал мен шошқа еті) бойынша елге қажетті көлемді толық қамтамасыз етіп отырмыз. Санмен айтсақ, былтыр 430 мың тонна сиыр еті өндірілді. Ал қажеттілік 400 мың тонна болған. Сонда тіпті 30 мың тоннадай етті экспорттайтын әлеуетіміз бар. Бірақ осымен тоқтап қалмай, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын қолға алып жатырмыз. Соның арқасында алдағы 2-3 жылдың ішінде ет өнімінің көлемі арта түседі, — деді ол.
Ербол Тасжүреков шекара сыртындағы баға іштегі бағаны өзімен бірге жоғары жетелеп тұрғанын атап өтті.
— Бұл динамиканы халық дүкен сөрелерінен неге сезінбей жатқанына келсек, іргелес елдерге ет экспорты үлкен. Нақты айтсақ, Өзбекстаннан сұраныс жоғары. Өйткені біздің ет бәсекеде басымдыққа ие. Сәйкесінше, ондағы баға біздегі бағадан айтарлықтай жоғары. Сондықтан мал бордақылайтындар мен малшылар өнімін сыртқа сатуға талпынады. Осындай үлкен экспорт сұранысы болып тұрғандықтан кешенді жоспар бекіттік. Соның арқасында ішкі қажеттілікті ғана қанағаттандырып қоймай, экспорттағы әлеуетімізді де толықтай игере аламыз, — деді министрдің орынбасары.





