ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық жобалар мен экономикалық даму: Астанада Kursiv Infrastructure Forum өтеді

— Ел экономикасының ауқымына қарасақ, салынған әрбір жаңа жол, қайта жөнделген вокзал не мектеп — жай ғана құрылыс нысаны емес, ішкі нарықты кеңейтудің маңызды құралы. Мысалы, көлік байланысы жақсарса, Алматыдан Петропавлға тауарды жеткізу бірнеше сағаттық шаруаға айналады, ал Шымкенттің фермері Астананың ірі нарығына тікелей шыға алады. Бұл бизнестің транзакциялық шығындарын азайтып, логистиканы «тұсаудан» босатып, керісінше бәсекеге қабілеттіліктің шешуші факторына айналдырады. Осындай мысалды мемлекет жүзеге асырып жатқан кез келген ірі жобаға қатысты айтуға болады. Өйткені мұндай бастамалар — шығын емес, ұзақмерзімді экономикалық өсім мен адами капиталды дамытуға салынған инвестиция. Дегенмен ұлттық жобалардың тым ауқымды болуы белгілі бір қиындықтарды да туындататыны жасырын емес. Кейде олардың салдарынан тұтас өңірлер немесе жекелеген салалардың арасында алшақтық пайда болуы мүмкін. Осындай жағдайда басқарудың сапасы шешуші рөл атқарады. Түптің түбінде әрбір инфрақұрылымдық бастама ел дамуына синергия қосып, өзгерістердің бірыңғай жүйесіне енуі қажет. Тек осындай көзқарас қана ауқымды жобаларды жаһандық нарықтағы шынайы бәсекеге қабілеттіліктің құралына айналдыра алады, — деп атап өтті Kursiv Media бас директоры Анастасия Новикова.
Форум аясында үш сессия өтеді. Әрқайсысында қатысушылар мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелерін көпшілікке ұсынып, көлік пен энергетика саласындағы ірі бастамалардың ауқымы мен олардың ұлттық экономикаға тигізер ықпалын талқылайды.
«Инфрақұрылымдық жобалар ҚР экономикалық дамуының қазіргі моделінің «тоғысу нүктесі» ретінде» атты пленарлық сессияда сарапшылар инфрақұрылымдық жобалардың ел экономикасын дамытудағы рөліне тоқталады. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымның ұлттық адами капиталды арттыру міндеттеріне сәйкестігі, ал көлік-логистика кешеніне салынған инвестициялардың ел ішіндегі байланысты күшейтіп, экспорт әлеуетін кеңейтуге қосқан үлесі талданады.
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы — мемлекеттік институттардың беріктігін сынайтын тәжірибе алаңы» деп аталатын бірінші панельдік сессияда жобаның құрылыс саласына тигізген әсері сөз болады. Қатысушылар ұлттық жоба аясынан тыс жатқан құрылыс нарығының болашағын да қозғайды.
«Экономикалық даму инфрақұрылымы: таныс бағдарлар, жаңа мүмкіндіктер» атты екінші панельдік сессия логистика мен инфрақұрылым мәселелеріне арналады. Онда көлік және энергетика инфрақұрылымының құрылысы кезінде отандық өндірушілердің мүддесі қаншалық ескерілген және салынған нысандардың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқаны талқыланбақ.
Іс-шара 23 қыркүйек сағат 12:00-ден 18:30-ға дейін Rixos President Astana қонақ үйінде өтеді. Қатысу тегін. Тіркелу үшін сілтемеге өту қажет.