
Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Ұлттық қордағы қаражат көлемі 33,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артық.
Алайда, биылғы жылдың басынан қорына түскен түсімдер 631,4 млрд теңгені ғана құрады. 2024 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш 1,14 трлн теңге болған еді.
Түсімдердің басым бөлігін мұнай секторы ұйымдарынан түскен тікелей салықтар (жергілікті бюджетке түсетіндерін қоспағанда) құрады — 621,7 млрд теңге (өткен жылы — 1,17 трлн теңге). Мұнай секторындағы басқа операциялардан түскен қаражат — 9,17 млрд теңге (2024 жылы — 1,26 млрд теңге).
Сонымен қатар қорға келесі түсімдер болды:
-
ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан — 75,67 млн теңге,
-
республикалық меншікті жекешелендіруден — 18,8 млн теңге,
-
банктердің несие портфелін жақсартуға маманданған ұйымдарды сатудан — 500 млн теңге.
Жыл басынан бері Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге пайдаланылды:
-
кепілдендірілген трансферттер — 1,2 трлн теңге,
-
нысаналы трансферттер — 250 млрд теңге.