Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк 2026 жылға арналған жоспарларын жариялады

Ұлттық банк 2026 жылға арналған жоспарларын жариялады
Алматыда өтіп жатқан Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресінде Тимур Сүлейменов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және нарық қатысушыларымен бірлесіп жұмысты цифрландырудың бес жылдық стратегиясы әзірленгенін атап өтті.

– Бұл стратегияда бірқатар нақты шара егжей-тегжейлі көрсетілген. Біз оны кезең-кезеңімен іске асырамыз. 2025 жылдың соңына дейін ұлттық крипторезервтің мемлекеттік цифрлық активтер қорын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар біз цифрлық активтердің ұлттық кастодиалдық сақтау жүйесін құруды бастадық. Ел ретінде өзіміздің тәуелсіз цифрлық сақтау жүйеміз болуы тиіс. Ол бағалы қағаздардың Орталық депозитарийі базасында құрылады, - деді Ұлттық банк басшысы.Оның айтуынша, келесі кезең – жасанды интеллектіге көшу. Ұлттық банк сандық деректерге негізделген экожүйе құрып жатыр. Қаржы нарығының деректер фабрикасы іске қосылды. Алаяқтықтың алдын алу жүйесі үшін антифрод агенттері, талдау жүргізуге, валюталық мониторингке және ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға арналған ЖИ агенттері енгізіліп жатыр.

– Сондай-ақ біз цифрлық активтерге арналған кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Жаңа заңда олар қаржы секторының бір бөлігі ретінде айқындалған, - деді ол.Тимур Сүлейменов бағалы қағаздар нарығына назар аударылатынын атап өтті. Нарық қатысушыларымен, жетекші сарапшыларымен және халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, қор нарығын реттеудің кешенді реформасын әзірлеу үшін терең талдау жүргізілмек. 

– Келесі жылы біз бағалы қағаздар нарығын кешенді реформалауға кірісеміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығында қалыптасқан оң тәжірибені пайдаланғымыз келеді. Біздің заңнама ерекшеліктерін ескере отырып, реттеу мен құқық элементтерін елімізде іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Ұқсас материалдар